Сербияда қазақ халқының тарихы мен дәстүрлеріне арналған бірегей көрме ашылды
12 желтоқсанда Белград қаласының музейі – Любица ханшайым сарайында Алматы қаласы музейлер бірлестігі ұйымдастырған «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті.
Көрмеде 220-дан астам экспонат ұсынылды, олардың арасында XIII-XX ғасырлардағы шекелік, алқа, білезік, сырға және жүзіктер сынды дизайны оюлармен әсемделіп, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, кілемдер, ат әбзелдері, музыкалық аспаптар және қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері жайында сыр шертетін тұрмыстық заттар бар.
Құрметті қонақтардың арасында Сербияның Бірінші ханымы Тамара Вучич көрмені тамашалап, көрменің бірегейлігіне өз таңданысын білдірді, көрме жұмысын өте жоғары бағалады.
Көрме 2025 жылдың 12 қаңтарына дейін жалғасады. Бұған дейін Алматы қаласының тарихи музейі Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен Венгрия, Чехия, Австрия, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия және басқа да елдерде көрмелер өткізді. Бұл музей саласын дамытудағы және мәдени халықаралық байланыстарды нығайтуға маңызды қадам болып табылады.