Директордың блогы
Негізгі бетке оралу
Құрметті достар,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» ресми сайтына қош келдіңіздер!
Алматы – ежелгі заманнан бері адамдар қоныстанған, мың жылдан астам тарихы бар қала. Өзінің теңге сарайы бар, өңірдің орталығы болған,Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалардың бірі. Қаланың ерте замандардан қазіргі дәуірге дейінгі бай тарихы бар. Алматы тарихы, қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты, онда халық тағдыры бейнеленген. Осы Алматыда – Еліміздің Тәуелсіздігі жарияланып, қала Егемен Қазақстанның алғашқы астанасы атанды.Бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі ғылыми, туристік және қаржы орталығы. Алматы мәдени орталықтардың шоғырланған ордасы. Қазақстанның 280 музейінің 30-дан астамы Алматы қаласында орналасқан.
Құрамына 11 нысан кіретін «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» 2014 жылы құрылды. Бүгінгі күні бірлестік қарамағында 8музей, 1 археологиялық парк, 1 кесене, 1 мультимедиялық орталық жұмыс істейді.
Бірлестікке қарасты музейлер қор жұмыстары,ғылыми-зерттеу, экспозициялық-көрме, мәдени-ағарту міндеттері мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында қызмет атқарып, алматылықтар мен қала қонақтарына біздің әсем қаламыздың шежірелі тарихы және оның көрнекті тұлғаларының өмір жолдары мен атқарған қызметі, ел үшін сіңірген еңбектері туралы сыр шертеді.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуімізді қажет деп санайтындығы, еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен астасып жатқандығы туралы айтқан болатын.
Тарихты білмей, өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын. Әр азамат өз елінің тарихын білуі парыз. Қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың мәдени сауаттылығы орасан зор маңызға ие. Тарихын біліп, тұлғаларын танып өскен өскелең ұрпақтың болашақта бағдары түзу, рухы биік, жігері мықты болады.
Биылғы жылдан бастап жас буынның мәдениет,өнер және тарихқа деген терең қызығушылығын арттыру мақсатында қала әкімдігінің шешімімен бірлестікке қарасты музейлерге оқушыларды тегін кіргізу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл шешім оң нәтиже береді деп сенеміз.
Ресми сайтымыздан қалалық музейлер жайлыжәне бірлестіктің жұмысы туралы толық ақпаратты таба аласыздар деп сенемін.
Ізгі ниетпен, «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» директоры Ләззат Сағындықова