«Ұлы Даланың мәдени мұрасы» халықаралық көрмесінің ашылуы

2024 жылғы 12 желтоқсанда Сербияда, Белград қаласының музейі – Любица ханшайым сарайында Алматы қаласы музейінің «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» көрмесі өтеді. Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Республикасының Сербиядағы Елшілігінің бірлесуімен ұйымдастырылуда.
Алматы музейінің көрмесі өтетін Белград қаласының музейі – Любица ханшайымының сарайы ескі қаланың орталығында орналасқан. Бұл Белградтағы XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қалалық сәулет өнерінің сақталған ең жарқын үлгілерінің бірі және серб мәдениетінің ескерткіші болып табылады. Сарай 1831 жылы князь Милош Обреновичтің өтініші бойынша оның жұбайы Княгиня Любицаның жеке резиденциясы ретінде салынды, ол мұнда 1842 жылы әулет құлатылғанға дейін өмір сүрген. Архитектуралық стильдер мен ғимараттың жоспарлануы тұрғысынан Резиденция Балқан стиліне жатады, сонымен бірге онда батыс барокко элементтері үйлесім тапқан.
Алматы қаласының тарихы музейінің «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» көрмесінің мақсаты – Қазақстан мен Сербия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, Ұлы Дала халқының тарихын, көшпелі өркениет мәдениетін және қазақ көшпенділерінің дәстүрлерін, тұрмысын, философиясы мен дүниетанымын таныстыру.
Көрменің экспозициясында Алматы қаласының музейлер бірлестігі қорларынан 220-дан астам экспонат ұсынылады. Экспозицияның негізін қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрлері, қолданбалы өнері туралы баяндайтын этнографиялық артефактілері, сондай-ақ Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірін бейнелейтін фотосуреттер құрайды. Сонымен қатар, қазақтың халық музыкалық аспаптары да көрмеге қойылады.