Қала күні аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігі ұйымдастырған «Мен Алматы қаласының тарихын білемін» қалалық байқау өз мәресіне жетті.
1 кезеңде қатысушылар қазақ, орыс тілдерінде «Жер жүзіндегі ең керемет қала», «Алматы - халықаралық туристік орталық», «Менің сүйікті қалам – Алматы», «Арман қала – Алматы», «Мен қалам үшін не істей аламын» сынды тақырыптарда эссе жазды. Олардың 37-сі екінші турға өтіп А. П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханаға тестілеуге шақырылды.
Тестілеу нәтижесінде ақтық кезеңге 16 оқушы өтті. Тарихшылардан, этнографтардан, музей мамандарынан, педагогтардан құралған әділқазылар алқасының шешімі бойынша:
3 орынды №156 жалпы білім беретін мектептің 9 «Б» сынып оқушысы Мақсат Кәусәр;
2 орынды №55 жалпы білім беретін мектептің 10 «А» сынып оқушысы Григорьев Дмитрий иеленді. Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шыққан №208 мектеп-гимназияның 9 «Ә» сынып оқушысы Нұржігіт Балерке осы дүбірлі доданың жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар Абай алаңында қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада салтанатты түрде марапатталып, І орынға ноутбук, ІІ орынға ұялы телефон, ІІІ орынға планшет сынды құнды сыйлықтарды Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Сағындықова Ләззат Құдайбергенқызы табыстады.
Байқаудың мақсаты: жастарды отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке, өз мемлекеті мен туған қаласының тарихын тереңінен тануға деген қызығушылығын арттыру мен мақтаныш сезіміне тәрбиелеуге шақыру.
Құрметті оқушылар, жеңістеріңіз құтты болсын!