
2025 жылы 24 желтоқсан күні Алматы музейінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «М. Әуезов үйі» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен «Абай – менің өмірлік тақырыбым» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрме қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен рухани мұрасын, сондай-ақ Абай тақырыбын өмірлік шығармашылық өзегіне айналдырған жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің еңбектері арқылы жан-жақты таныстыруды мақсат етеді. Экспозицияда М.О. Әуезовтің қолжазбалары, сирек кітаптары, әр жылдары жарық көрген «Абай» романының алғашқы және кейінгі басылымдары, марапаттары, киімдері, тұрмыстық заттары, сондай-ақ «М. Әуезов үйі» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қорындағы бірегей жәдігерлер ұсынылған.
Атап айтқанда, көрмеде 1942, 1948, 1958 жылдары жарық көрген «Абай» романының қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдары, «Абай жолы» эпопеясының көптомдық жинақтары, М.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы мен Абай шығармаларының академиялық толық басылымдары қойылады.
Көрме 1 ай жалғасады.


