«Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны» көрмесі және дөңгелек үстел
«Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны» көрмесі және дөңгелек үстел
Алматы музейінде 3 маусым 2022 жылы сағ. 15.00-де 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві және Алматы Музейінің бірлесе ұйымдастырған «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны» атты көрменің ашылуы және дөңгелек үстел өтеді.
1992 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойылды. 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Биыл елімізде мемлекеттік рәміздердің қабылдануының 30 жылдығы атап өтілуде.
Мемлекеттік рәміздер күні бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін мерекеге айналды. Мемлекеттік рәміздер біздің мемлекеттігіміздің сабақтастығының көрінісі болып табылады, елдің тәуелсіздігін, патриотизм рухын, халықтың қаһармандығы мен даналығын, болашақтың жарқын мұраттарына деген ұмтылысты білдіретін құндылық бағдарларын бейнелейді.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласының белгілі қоғам қайраткерлері қатысады.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қорынан мемлекеттік рәміздер тарихына қатысты құжаттар: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі Республикалық комиссия отырыстарының хаттамалары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әскери рәміздер туралы» Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысы сынды құжаттар мен Алматы музейі қорындағы фотосуреттер қойылған. Көрмеге 50-ден астам мұрағаттық құжаттар, хаттар мен фотосуреттер кіреді, экспозицияның бір бөлігі мультимедиялық форматта ұсынылады.