Алматы қаласы музейлер бірлестігі Түркі әлемінің «Ең үздік музейі» атанды
Алматы қаласы музейлер бірлестігі Түркі әлемінің «Ең үздік музейі» атанды. Прага қаласында өткен Алматы қаласы музейлер бірлестігі көрмесінің ашылу салтанатында сертификатты ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады.
-«Бұл түркі әлемі үшін маңызды оқиға, қазақ мәдениеті үшін үлкен жаңалық болып есептеледі. Былтыр Италияда да Алматы музейінің көрмесі жоғары деңгейде өтті. Мен музей қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын! Себебі, Еуропаның төрінде, Еуропаның қақ ортасында қазақ мәдениетін көрсету бұл үлкен еңбектің нәтижесі деп білемін. Түркі әлемінің музейлері музей қорындағы экспонаттарды шет елге алып шығу үшін көптеген мәселелерге тап болады. Сол мәселелерді шешіп, көрмені Еуропаға ұсыну бұл тек қазақ мәдениеті үшін емес, түркі әлемі үшін үлкен ерлік, маңызды оқиға деп білемін», - деді С. Раев.