ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ АЛМАТЫ МЕТРОСЫНДА ЖЕРАСТЫ ФОТОКӨРМЕЛЕРІ ӨТУДЕ

Қала күніне орай, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен 2025 жылғы 15-21 қыркүйек аралығында Алматы метрополитенінің түрлі бекеттерінде жылжымалы фотокөрмелер ұйымдастырылуда.

Аталған мәдени шара Алматы тұрғындары мен қонақтарына қала тарихы мен мәдениетін жаңа қырынан таныстырып, метрополитен кеңістігін мәдени алаңға айналдыруды мақсат етеді. Жолаушылар күнделікті қозғалыс барысында тарихи артефактілер мен фотосуреттерде бейнеленген бірегей сәттерді тамашалай алады.

Фотокөрмелер келесі метро бекеттерінде ұсынылған:

«Алмалы» бекеті«Тұмса тарих тереңінен» көрмесінде қала аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер мен қазақ халқының зергерлік бұйымдарының фотосуреттері ұсынылған. Экспозиция бай ұлттық мұраны танытатын тарих пен мәдениетті паш етеді.

«Сарыарқа» бекеті«Куә бол, Алатау!» көрмесі қазақ музыкасының дүлдүлі, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған.

«Мұхтар Әуезов атындағы драма театры» бекеті«Әуенмен өрілген өркениет» көрмесінде Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова сынды ұлы тұлғалардың пайдаланған музыкалық аспаптарының шағын ақпараттық фотосуреттері көрсетіледі.

«Сайран» бекеті«ХХ ғасырдағы Алматы» көрмесі көрермендерді өткен ғасырдың қала келбетіне, көшелер мен ғимараттардың тарихи көріністеріне саяхат жасатады.

«Жібек жолы» бекеті – мұнда екі бірдей көрме ұсынылған: «Спорт – денсаулық кепілі» және «Әсем қала Алматы». Бұл фотокөрмелерде спорт саласына қатысты фотосуреттер мен қаланың көркем келбеті бейнеленген.

Фотосуреттер Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музейлер қорынан алынған, қаламыздың тарихы мен мәдениетін бейнелейтін құнды архивтік материалдар.

Бұл бастама – мегаполистің мерекесіне орай ерекше мәдени тарту. Жолаушылар үшін күнделікті сапарларын тарихи және эстетикалық таныммен байытуға таптырмас мүмкіндік.

Фотокөрмелер 21 қыркүйекке дейін жалғасады.