
2026 жылғы 23 сәуірде Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты «Almaty Gallery» галереясында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдығына арналған мерейтойлық альбомның тұсаукесер рәсімі және жас суретшілердің «ZAMANDASTAR-IV» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Аталған шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Алиев Данияр, ҚР Суретшілер одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Орынбасарұлы, Қазақстанның белгілі өнертанушылары Ли Камилла Витальевна және Мұқажанова Күлжазира Жұмаділовна, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Беккулова Айжан, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Нұрлан Сатаев, Қазақстанның танымал суретшісі Алексей Уткин, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, ҚР Суретшілер одағының және Жас суретшілер одағының мүшелері, өнер сүйер қауым, қала тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты.
Мерейтойлық альбомда Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының құрылу тарихы мен қызметі туралы бөлім, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері болып табылатын екі жүзден астам автордың еңбектері, сондай-ақ Украина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Литва және Канада суретшілерінің шығармалары енген. Авторлық стильдердің алуан түрлілігі, тақырыптардың кеңдігі және көркем-пластикалық шешімдердің жаңашылдығы ұлттық классикалық бағыттағы көркем мектептердің дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
«ZAMANDASTAR-IV» – Жас суретшілер одағының алғашқы авторлық жобасы. Көрменің басты ерекшелігі – оның белгілі бір көркемдік стильге немесе бағытқа бағынбауында. Экспозицияда әртүрлі техникада және сан алуан көркемдік тілде орындалған туындылар ұсынылған. Жас суретшілер көрмесіне Оралбек Қабөке, Алмас Нұрғожаев, Дәуренбек Бекназар, Әлішер Жүргенов, Нұрболат Асқар, Айдос Сейдақұл, Санжар Сырғабаев, Тұрғын Абдурахман, Нұрлан Сатаев, Сұлтан Аманжол, Мөлдір Сағындықова, Махаббат Сағындық, Айгерім Оспан, Тұрбай Мұратбек, Елдос Азаматұлы, Қажыбек Ақмарал, Қабикожаева Алия, Өркен Аят және Зарина Чукетаеваның туындылары ұсынылды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен «Жас суретшілер одағы» арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл келісім алдағы уақытта бірлескен көрмелер, шығармашылық жобалар ұйымдастыруға, жас суретшілерді қолдауға және мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.
Көрме 2026 жылғы 6 мамырға дейін жалғасады. Кіру тегін.
Almaty Gallery сейсенбі–жексенбі күндері 10:00–19:00 аралығында жұмыс істейді.
Дүйсенбі – санитарлық күн.
Мекенжайы: Достық даңғылы, 44.



