Нидерланд Корольдігінің астанасында Алматы музейінің «Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» көрмесі ашылды

2025 жылғы 30 қазан күні Нидерланд Корольдігінің астанасы Амстердам қаласындағы Юнус Эмре Институтында Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Республика күнін мерекелеу аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» атты көрменің ашылуы өтті.

Экспозиция Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей экспонатты қамтиды. Аталған көрме Ұлы Дала мәдени мұрасын Еуропа жұртшылығына танытатын, қазақ руханияты мен тарихының терең тамырын паш ететін маңызды мәдени оқиға.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшісінің кеңесшісі Аян Тұрарбеков:

«Бүгінгі ашылып отырған көрме біз үшін ерекше маңызға ие, себебі ол еліміздің басты ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Экспозиция Қазақстанның бай мәдени мұрасын көрсетіп, қазақ және түрік мәдениеті арасындағы өзара диалогтың дамуына ықпал етеді. Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Юнус Эмре Институтының тарихи-мәдени мұраны сақтау және әлемдік деңгейде таныту бағытындағы еңбегіне зор алғыс білдіреміз» - деді.

Бес тақырыптық бөлімнен тұратын көрмеде, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен қолданбалы өнерін бейнелейтін этнографиялық артефактілер және қазақ, түркі халықтарының музыкалық аспаптары ұсынылған.

«2023 жылы Алматы музейлер бірлестігі “Түркі әлемінің ең үздік музейі” марапатына ие болды. Қазіргі уақытта Алматы музейі Еуропада қазақ мәдениетін дәріптеу және таныту бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар ұлттық мұраны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттап, мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етуде», - деп атап өтті ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев.

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігінің, Түркия Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігінің және Юнус Эмре Институтының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Көрменің салтанатты ашылуына дипломатиялық корпус, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы Сағындықова Алматы қаласы әкімі Дархан Амангелдіұлының ыстық ықыласын жеткізе келе, бұл көрме халықаралық ынтымақтастықтың жемісті нәтижесі екенін атап өтті.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі қала әкімдігінің қолдауымен соңғы 3 жылда, Оңтүстік Корея (Сеул), Австрия (Вена), Франция (Париж), Италия (Неаполь), Чехия (Прага), Сербия (Белград), Мажарстан (Карцаг), Түркияда (Стамбул) 11 халықаралық көрме ұйымдастырып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін әлемдік деңгейде таныстырып келеді. Бүгінгі Амстердамдағы көрме де – музейдің халықаралық бағыттағы жүйелі түрде жүргізілген жұмысының жалғасы, қазақ мәдениетінің Еуропа кеңістігіндегі жаңа бір көрінісі», – деді.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 10 қыркүйекте орнатылған.  Қазақстан мен Нидерланды Корольдігі бір-бірінің мәдени дәстүрлерінің байлығын мойындай және жоғары бағалай отырып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Түркі мәдениеті мен өнерін бүкіл әлемге танымал етуді мақсат тұтқан халықаралық ұйым болып табылатын Юнус Эмре Институты Нидерландыда мәдениетаралық диалогты нығайтуда маңызды рөл атқарады.

«Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» көрмесі Амстердам қаласында 2025 жылдың 14 қарашаға дейін жұмыс істейді.