Алматы музейлері «Таза Қазақстан» бастамасын қолдады.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елімізде кең көлемді экологиялық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бастамаға Алматы қаласы да белсене атсалысуда. Қала тұрғындары, мекемелер мен ұйымдар аталған акция аясында түрлі сенбіліктер мен экологиялық бағыттағы іс-шараларға белсенді қатысуда.
Алматы қаласы музейлер бірлестігі де осы игі бастамалардан шет қалмай, бірқатар іс-шараларға ұйытқы болуда.
29 шілде күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы қаласындағы тарихи ескерткіштер – Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Панфилов ескерткіштері бойынша эко-экскурсиялар өткізілді. Экскурсияны Алматы музейі, Д.А. Қонаев музейі, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми  қызметкерлері жүргізіп, қала тұрғындарына ұлы тұлғалар туралы тың деректер мен мағлұматтар берілді.
Сонымен қатар, әр апта сайын музей аулаларында сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, музей амбассадорлары әлеуметтік желілерде осы бағыттағы ақпараттарды бөлісіп отыр.
Қаланың санитарлық тазалығын жақсарту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.