«Дәстүр. Өнер. Әсемдік» қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімдерінің көрмесі

Алматы музейінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Дәстүр. Өнер. Әсемдік» атты қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімдерінің көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрме Алматы қаласы тарихы музейінің қорындағы бас киімдер және суретші Гүлнар Табанованың туындылары негізінде ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттау, дәстүрлі бас киімдердің тарихы мен көркемдік ерекшеліктерін көпшілікке таныстыру. Көрмеде қазақ әйелдерінің киім мәдениетінде ерекше орын алатын кимешек, сәукеле, бөрік, тақия сынды бас киімдердің түрлі үлгілері ұсынылды.
Гүлнар Тоқтаубайқызы Табанова Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің және Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі. 35 жылдам астам Қазақ Ұлттық опера және балет театрында қызмет атқары, танымал өнер қайраткерлері Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Бағдат Самединова және т.б. бас киімдерін жасаған. Италия, Латвия, Ұлыбритания және басқа да шет елдерде өткен көрмелердің қатысушысы.
Қазақтың бас киімдері – тек сәнді аксессуарлар емес, адамның тұрмыстық жағдайын және сенімін көрсететін маңызды белгі болған. Көрме аясында әр бас киімнің тарихи маңызы, оны жасаудың ерекшеліктері мен қолданылатын материалдары туралы ақпарат ұсынылады. Бұл шара ұлттық мұраны жаңғыртуға, қазақ әйелдерінің киім мәдениетін тереңірек таныстыруға бағытталған.
Сонымен қатар, көрмеде Гульнар Табанованың кескіндеме және графикалық туындыларын тамашалауға болады.
Көрме 16 наурызға дейін жалғасады.
