loader image
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі

Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталғаннан кейін, ҚР-сының «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі № 60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешім негізінде ХХ ғасырдың ұлы реформаторы  А.Байтұрсынұлының Алматыдағы мұражайы 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған.             

Музей туралы

1993 жылы 18 ақпанда қала әкімі «Алматыдағы Космонавтар көшесінің атын өзгерту туралы» №78 шешімімен 1962 жылдың 15-тамызынан бастап Космонавтар көшесі деп аталып келген, ұзындығы 4450 метр көшеге қазақ халқының рухани көсемінің есімі берілді. Осы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» сол кездегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімі шығады. Осы шешім негізінде А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді, яғни, ғалымның үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мұражай-үй төрт бөлме және бір жертөледен тұрады. Оның бір бөлмесі – ахметтану дәрісханасы. Үш залда ғалымның шығармашылық ғұмырына қатысты экспонаттар жасақталған.                                                                         

Бірінші зал: «Ұлттық рухымыздың қайта оралуы», Екінші зал: «Қазақ санасының шамшырағы», ал Үшінші зал: «Саясат құрбаны» деп аталып, онда ғалымның істі болған, түрмедегі кезеңдері қамтылған. Мұражай-үй ғұлама ғалымның ғибратты жолын тәуелсіз мемлекеттің салауатты ұрпақтарының жадында, Алаш зиялылары: А.Байтұрсынұлы мен оның замандастарының аяулы есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында, «Тұлғалар тағылымына –тағзым» атты бағдарлама аясында көрермендерге қызмет көрсетеді. Бағдарлама мақсаты: ұлт ұстазының мұралық экспонаттарын бүгінгі ұрпаққа таныстыру, тағзым етер тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан келешек ұрпаққа тәлім беру мәселесі қамтылады.                                                   

Музей-үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған түпнұсқалар. Тарихи тұлға тұтынған мүліктер: жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қол шемодан, самаурын, жезтабақ, сандық қойылған. Қорда ғалымның өз тұсында жарық көрген еңбектерінің түпнұсқалары: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы» 3 кітап; «Тіл – құрал» 3 кітап; «Баяншы», «Әліпби» әліппе, «Ер Сайын», «Әліппе астар», «Сауаташқыш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» (2 бөлім) атты кітаптарының көшірмелері жасақталған. Жалпы, осы кітаптардың әр жылдары жарық көрген сандарымен қоса есептесек, 17 туындысы 56 рет басылым көрген. Бұл кітаптардың түпнұсқалары Республикалық Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркелген әрі сақталған.                                                    

1997 жылы 4 ақпанда «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы рөліне құрмет көрсете отырып, аса көрнекті ағартушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №150 қаулысы қабылданды. Осы қаулы негізінде Алматыдағы А.Байтұрсынұлы мұражайына ҚР Білім, ғылым және денсаулық сақтау министірлігі тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылып, Мемлекеттік құрылыс жөңдеу және қайта қалпына келтіру басқармасына жүктеледі. 1998 жылы 12 қыркүйекте А.Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы құрметіне мұражай мен ғалым бюстінің тұсаукесері ресми аталып, ашылу салтанаты өтті. Салтанатта жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «1998 жылы 12 қыркүйегі – Азап сапарынан Жеңіспен оралған Ахаңнын – Ахмет Байтұрсынұлының Туған еліне, Жеріне, Отанына, өзінің өлең төсегі Ошағына толықтай оралған күні. …Халқына керек кезінде туып, керекті қызметіне басшы болған қайырлы ұлының тірі көзінде болған мұражайдың іші бұдан былай құт болғай, тағылым мектебі болғай!» деген лебізін жиналған бұқара алдында тебірене айтып, мұражайдың құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.                                               А.Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты 2000-ға жуық ғылыми мақала (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), 50-ден аса монография, 15-16 халықаралық ғылыми конференция материалдары 20-дан аса республикалық ғылыми конференция материалдары жарық көрді. Бұл жинақтардың барлығы мұражай қорының асыл қазыналары.                         

 Музей жанынан 1000 жуық кітап, 500-дей әдеби журналдар, 50-дей түрлі конференция материалдары және апталық газет тігінділері қамтылған кітапхана жұмыс істейді. Музей-үйде ғалымның туған күні 5 қыркүйекте «Тұлға тағылымына – тағзым» атты ахметтану оқулары жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналды.                                                   

Музей-үйі Алматы қаласы әкімі Б.Ә.Сағынтаевтың №4/508 Қаулысы негізінде 2021 жылдың қараша айының 13-і күнінен бастап қала балансына өтіп, мемлекет қамқорлығына алынды.

Ахмет Байтұрсыновтың Монографиясы

А.Байтұрсынов, 1922 ж.
АБ, Баку, 192...
Анықтама, 1988, ШАБ.
Анықтама, 1989, ББ.
Анықтама, 1990, ШАБ.
Ахмет Б., 1920
WhatsApp Image 2023-01-27 at 10.43.33 (3)

Келушілерге

Жұмыс уақыты:

Сейсенбі - Жексенбі: 10:00-нан 19:00-ға дейін
Дүйсенбі: Тазалық күні

Прейскурант:

Ересектер – 1000 тг
Шет ел азаматтары - 1500 тг 
Студенттер – 500 тг
Оқушылар – тегін
Зейнеткерлер – 300 тг
Экскурсия – 2000 тг, шет(ағылшын) тілінде - 3000 тг

Электрондық почта:

Instagram

@akhmet_museum

Байланыс телефондары:

Закрыть меню