Алматы музейінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ғылымға арналған ғұмыр» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясында орналасқан Қ. И. Сәтбаевтың мемориалды музейімен және 1999 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің есімімен аталған Сәтбаев университетінің тарихи музейімен бірлесіп ұйымдастырылған көрмеде ғалымның жеке заттары мен мұрағаты ұсынылды. Сондай-ақ, Қ. Сәтбаевтың Геология және металлогения саласындағы зерттеулерін қоса алғанда, қазақстандық ғылымды одан әрі дамыту үшін негіз болған ғылыми жетістіктеріне арналған мұрағаттық фотосуреттер, құжаттар мен басқа да материалдар қойылды.

Көрменің ашылу салтанатына Қ.И. Сәтбаевтың жиен-немересі, геология-минералогия ғылымдарының докторы
Третьяков Александр Валентинович, Қ. И. Сәтбаев университетінің проректоры Кульдеев Ержан Итеменұлы, Академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалды музейінің бөлім басшысы Айтмухамбетова Бахытжамал Ахметқалиқызы, геологтар мен зерттеушілер, ЖОО оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Алматының мәдени өміріндегі елеулі оқиға - Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арналған көрме 18 желтоқсанға дейін жалғасады.