ҚР Ұлттық кітапханасында жазушылардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен ауқымды іс-шаралар өткізілді. ҚР Ұлттық кітапханасында жазушылардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияда шетелдік және отандық ғалымдардың баяндамалары оқылып, жазушының қаламгерлік қыры кеңінен ашылды. Ұлт қайраткерінің есімін ұлықтауға арналған іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-жазушылар, тарихшылар, ЖОО оқытушылары мен студенттері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Сондай – ақ, конференцияға: ресейлік саясаткер, жазушы – Георгий Пряхин; белгілі француз жазушысы – Ив Готье; Түрік жазушысы – Икрами Өзтуран; Өзбекстандық ақын, тарихшы – Хуршид Даврон; Қазақстанның Халық жазушысы, кинодраматург, Түркі әлемі әдеби сыйлығының лауреаты – Смағұл Елубай; Белгілі қазақ ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Нұрлан Оразалин; Литвадан келген орыс жазушысы – Эргали Геран; Қырғыз прозашысы – Далмира Тілепберген қатысып, белгілі қазақстандық әдебиеттанушы Светлана Ананьева Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы туралы айтып, қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған 1 жылдыққа арналған шаралар легін қорытындылау өткізілді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойына орай Қазақ ПЕН клубы «Біздің Әбе» атты естеліктер кітабын шығарды. Сонымен қатар, Қазақ ПЕН клубының Тұңғыш Президенті Әбдіжәміл Нұрпейісов құрған клубтың лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Ұйымдастырылған іс-шаралардың мақсаты – Әбдіжәміл Кәрімұлының шығармашылық еңбектерімен қатар қоғамдық қызметінің маңызды кезеңдерін саралап, қаламгердің рухани мұрасын насихаттау.